Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде ҰОС ардагерінің құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Семейде Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ІІО ардагері Вали Имантаевқа мемориалдық тақта орнатылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласы әкімдігінің қолдауымен №14 үйдің қабырғасына Ұлы Отан соғысының қатысушысы, ішкі істер органдарының ардагері, қоғам қайраткері Вали Әбішұлы Имантаевқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Қуаныш Адылбаев, ардагерлер, қоғам өкілдері мен батырдың туыстары қатысты. Шара барысында қатысушылар Вали Имантаевтың өмір жолы – Отанға адалдықтың, ерліктің және халыққа қалтқысыз қызмет етудің айқын үлгісі екенін атап өтті.

— Вали Имантаевтың өмірі – отансүйгіштіктің, азаматтық борыш пен ерліктің жарқын бейнесі. Соғыстан кейін ол халық игілігі үшін аянбай еңбек етіп, ішкі істер органдарында адал қызмет етті. Мемориалдық тақтаның ашылуы – халықтың өз қаһарманына деген алғысы мен құрметінің белгісі, – деді Қуаныш Адылбаев.

1942 жылдың желтоқсанынан 1945 жылдың мамырына дейін Вали Имантаев 1-ші Гвардиялық және Керчь миномет бригадаларының құрамында қару командирі болып соғысқан. Ол Солтүстік — Батыс, Солтүстік — Кавказ және 1-ші Украина майдандарынан өтіп, Керчь пен Феодосияны азат етуге қатысқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, “Ерлігі үшін”, “Кавказды қорғағаны үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін”, “Әскери ерлігі үшін” медальдарымен марапатталған.

Соғыстан кейін ішкі істер органдарында қызметін жалғастырды. 1947 жылдан бастап Семей қалалық милициясының 3-бөлімшесінде инспектор болып жұмыс істеді. 17 жыл адал еңбек етіп, 1964 жылы қылмыстық-іздестіру бөлімінің бастығы лауазымынан зейнетке шықты.

Мемориалдық тақтаның орнатылуы – бұл ерлікке толы өмір жолына деген қоғамдық құрмет пен құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірудің көрінісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру