Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да қызмет бабында қаза болған полицейді еске алу рәсімі өтті

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Жалелхан  Мұрымбаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында оның құрметіне мемориалдық тақта орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Игі шараға офицердің әріптестері, Тарбағатай ауданы әкімдігінің өкілдері, ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов, Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев, марқұмның туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ кадет сыныбының оқушылары қатысты. Жиын бір минут үнсіздікпен басталып, халық үшін жанын қиған ержүрек полиция қызметкеріне тағзыммен жалғасты.

Капитан Мұрымбаевтың антына адалдығы мен батырлығы ел жадында мәңгі сақталмақ. Ерлігі үшін ол Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі "Айбын" орденімен (қаза тапқаннан кейін) марапатталды.

— Жалелхан Мұрымбаев – батылдық пен адалдықтың жарқын үлгісі. Оның ерлігі – Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі. Ол өз өмірін қауіпке тігіп, өзгенің өмірін арашалады. Біз оның есімін ұмытпаймыз және болашақ тәртіп сақшыларын осы ерліктің рухымен тәрбиелейміз, – деді полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков.

"Жас сақшы" патриоттық сыныбының оқушылары батырға арнаған өлеңдерін оқып, оның ерлігі келер ұрпақ жадында сақталатынын жеткізді. Себебі нағыз батырлар – оларды еске алған кезде ғана мәңгі өмір сүреді.

Жалелхан Мұрымбаевтың жарқын бейнесі – батырлық пен абыройдың символы. Оның есімі Отан алдындағы адал қызметтің, ар-намыстың және қайсар рухтың үлгісі ретінде ел тарихында қалды. Бүгінде оның ұлы әке жолын абыроймен жалғастырып, Қазақстан халқына қызмет етуді өмірлік мұрат еткен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру