"Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ": Атырауда есірткіге қарсы ауқымды форум өтті
Атырауда есірткіге қарсы ауқымды форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, есірткі қылмыстарының алдын алу және жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында "Салауатты ұрпақ – жарқын болашақ" атты ауқымды форум өтті. Іс-шараны Атырау қалалық білім бөлімі ұйымдастырды.
Форум аясында есірткіге қарсы күресте белсенділік танытып жүрген түрлі сала мамандары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараға Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Форум барысында Атырау облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева жастардың тәуекел тобына ену себептеріне тоқталып, есірткінің жасырын таралу жолдары, психологиялық тәуелділіктің белгілері, сондай-ақ рухани әрі физикалық иммунитетті қалыптастыру тетіктері туралы жан-жақты мәлімет берді. Ол өз баяндамасында нақты ұсыныстарын да ортаға салды.
Форумның қорытындысында білім беру мекемелері мен тиісті салалық құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, ата-аналар мен оқушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру, профилактикалық бағдарламаларды жаңарту, сондай-ақ жастарды мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді тарту бойынша бірқатар бастамалар талқыланды.