Маңғыстауда полицейлер қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша саптық жиын өткізді
Маңғыстауда полицейлер соңғы қоңырау күндерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша саптық жиын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов жеке құраммен саптық жиын өткізіп, Ішкі істер министрінің соңғы қоңырау мен мектеп бітіру іс-шаралары кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты тапсырмаларын жеткізді.
Осыған орай, өңір полицейлері күшейтілген қызмет тәртібіне көшті. Бұл – патрульдеу бағыттарын көбейтіп, жедел әрекет етуге және адамдар көп шоғырланатын орындарды бақылауға мүмкіндік береді.
Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және суға түсу маусымында орын алуы мүмкін оқыс оқиғалардың алдын алу мәселелері көтерілді. Қауіпсіздік шарасы ретінде тыйым салынған және қараусыз қалған жағажайларда суға шомылуға қатаң тыйым салынатыны ескертілді.
Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жасөспірімдердің жиналатын орындарында бақылауды күшейту тапсырылды. Ата-аналар мен бітіруші түлектерге балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік екені де ерекше атап өтілді.
Полиция департаменті соңғы қоңырау күні оқушылар үшін есте қаларлық, жарқын әрі қауіпсіз сәтке айналуы тиіс екенін баса айтты.