Мереке қарсаңында көлік полицейлері балаларға іс-шара ұйымдастырды
Мереке қарсаңында көлік полицейлері балаларға іс-шара ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
23 мамырда көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Астанадағы Жерұйық саябағында Балаларды қорғау күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Бұл көлік полициясы үшін игі дәстүрге айналған. Оған департамент қызметкерлерінің 1 жастан 13 жасқа дейінгі 100-ден аса балалары қатысты. Олар таза ауада ойындар мен байқаулардан тұратын қызықты бағдарламаны тамашалады.
— Мерекені көліктегі ПД-ның тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Данияр Аитов салтанатты түрде ашып, балалар мен ата-аналарды мерейлі мерекемен құттықтады. Ол балалардың өсіп-дамуына қолайлы жағдай жасау және қамқорлық көрсету әрбір ересек адамның басты міндеті екенін атап өтті. Мұндай іс-шаралар — балалардың есінде мәңгі сақталады және бұл оларға бақытты сәттер сыйлауға тамаша мүмкіндік береді, — деді полиция полковнигі.
Сондай-ақ ол балаларға баршаға зор денсаулық, ұзақ өмір және оқуда табыс тіледі.
Арнайы шақырылған аниматорлардың интерактивті ойындары, көңіл көтеретін шоулары, байқаулары мен өнер көрсетулері мерекенің шырайын келтірді. Әсіресе, Кинологиялық қызмет орталығының инспекторлары өткізген қызметтік-іздестіру иттерінің көрсетілімі балаларды ерекше әсерге бөледі. Расында кинологтардың төрт аяқты серіктерінің шеберлігі жиналғандарды таң-тамаша етті. Ал криминалист мамандар болса жасөспірімдерді заманауи криминалистикалық техникалар мен қылмыс іздерін анықтауға, алуға және тіркеуге арналған құрылғыларымен таныстырды.
Іс-шара барысында балаларға сыйлықтар таратылды. Ең бастысы — әрбір баланың жүзінде күлкі мен қуаныш ұялады. Сонымен қатар балалар аниматорлармен және тәртіп сақшыларының төрт аяқты көмекшілерімен бірге суретке түсе алатын арнайы фотозона ұйымдастырылды. Жарқын фотосуреттер отбасылық альбомдарды көркейтіп қана қоймай, көңілді күннің естелігіне айналады.
Ойын-сауық арасында қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Балаларға әуежайлар мен теміржол вокзалдарында өзін-өзі ұстау ережелері, төтенше жағдайларда қалай әрекет ету керек екені, сондай-ақ шұғыл қызметтердің маңызды телефон нөмірлері ойын түрінде түсіндірілді. Мұндай еркін атмосферадағы оқу балаларға пайдалы ақпаратты жақсырақ меңгеруге көмектеседі.
Жас қонақтар мен олардың ата-аналары көптеген жағымды эмоциялар, көтеріңкі көңіл-күй мен сергектік алды. Мұндай мерекелер алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Себебі олар сенім мен бірлікті нығайтып, балаларға басты адами құндылықтарды — махаббатты, мейірімділікті және қолдауды үйретеді.