Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің жас қызметкерлері мұражайға экскурсия жасады
Қызылорда облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жаңадан қабылданған жас мамандар үшін тағылымды тәрбие сағаты ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Болашақ құқық қорғаушылар облыстық полиция департаментінің мұражайына арнайы экскурсия жасап, ішкі істер органдарының бай тарихымен танысты.
Шараның негізгі мақсаты – жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие беру, ішкі істер саласындағы ерен еңбекті насихаттау және қызметке деген адалдық рухын қалыптастыру. Мұражай меңгерушісі Айдана Тажиева экскурсияны 1956 жылғы Қызылорда облыстық милиция басқармасының Ішкі істер басқармасы болып қайта құрылуы жөніндегі тарихи деректерден бастап, департаменттің дамуы мен жетістіктері туралы кеңінен баяндады.
Экскурсия барысында ішкі істер саласына 40 жыл ғұмырын арнаған, оның ішінде 13 жыл облыстық ІІБ-ны басқарған милиция генерал-майоры Есен Демесіновтің жеке заттары мен марапаттары, нысанды киім үлгілері көрсетілді. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларына арналған деректер, тәркіленген қару-жарақ үлгілері де көпшілік назарына ұсынылды.
Мұражай қорында бүгінде 500-ден астам құнды экспонат пен тарихи фотосурет сақтаулы. Ерлікпен қаза тапқан полиция майоры Ғазиз Байтасов пен Талғат Қозыбаевқа арналған арнайы бұрыш келушілердің ерекше ықыласына ие болды.
Жас қызметкерлер бұл экскурсиядан үлкен рухани әсер алғандарын айтып, мұндай танымдық шаралар олардың бойында отансүйгіштік пен адал қызмет етуге деген ұмтылысты арттыра түсетінін жеткізді.