Пробация инспекторы жасөспірімді кітап әлеміне жетеледі
Қызылорда облысында пробация инспекторы жасөспірімді кітап әлеміне жетеледі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Пробация қызметі тек бақылаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – есептегі азаматтарды, соның ішінде жасөспірімдерді қоғамға бейімдеп, дұрыс жолға бағыттау.
Осы бағытта Жаңақорған аудандық пробация қызметінің инспекторы Әбдіқалық Нұрлыбек есепте тұрған 15 жастағы жасөспірімді аудандық кітапханаға апарып, кітап таңдауға ықпал етті.

Бұл жай ғана кітап алу емес еді. Инспектор жасөспіріммен ашық әңгімелесіп, оның қызығушылығын анықтады. Жасөспірім көркем әдебиетке қызығушылық танытатынын жеткізді. Кітапханашының кеңесімен ол Ә. Нұрпейісовтің "Қан мен тер" трилогиясын және Е. Мағауиннің "Сары кітабын" – халқымыздың қайғысы мен жан айқайын бейнелейтін, тарихтағы зұлмат жылдардың естеліктерін қамтитын туындыны таңдады.
Бірнеше кітап қолына тиген жасөспірім инспекторға шынайы алғысын білдірді.
Кітап оқу – жасөспірімнің бос уақытын тиімді өткізіп, ой-өрісін кеңейтуге, жаңа дүниетаным қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл құқық бұзушылықтың алдын алуға да оң әсерін тигізеді.
Бір кітап бір адамның өмірін өзгертуі мүмкін. Пробация қызметкерлерінің осындай шағын, бірақ маңызды бастамалары жасөспірімдердің қоғамға қайта бейімделуіне елеулі үлес қосады.
