Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Қарасора – 2025" ЖПІШ: Қызылордада есірткі өсірудің 5 дерегі анықталды

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Брифингте "Қарасора - 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасының өту барысы туралы айтылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігінің бұйрығына сәйкес елімізде  1 маусым – 31 қазан аралығында  "Қарасора-2025" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Жедел профилактикалық іс-шараның мақсаты - есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жасау, сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу болып табылады. Жергілікті атқарушы және басқа құқық қорғау органдарымен бірлескен жоспар бекітіліп, жұмыс топтары құрылды. Техникалардың дайындығы толық қамтамасыз етілді.

Барлық аудандық полиция бөліністерінде мобильді-іздестіру және жедел-тергеу топтары жасақталды. Департаменттің барлық бөліністерінде сенім телефондары іске қосылды.

Іс-шара басталғалы  есірткі өсірудің 5 дерегі анықталды. Жалпы салмағы 2 келіден астам (530 түп) сора өсімдігі, 500 грамға жуық кептірілген марихуана анықталып,  толықтай жойылды.

Ақпараттық сайттарда синтетикалық есірткі заттарды тарату мақсатында Telegram мессенджерінде және "OLX" хабарландыру сайттарында қолданушының қатысуынсыз тапсырмаларды өзідігінен орындайтын чат-боттар арқылы жұмысқа шақыруда.

Өз кезегінде жас жеткіншектер құқықтық санасының төмендігі салдарынан оңай жолмен жеңіл ақша табу үшін есірткі таратушылардың құрсауына оңай ілініп, соңында қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Тәжірибе көрсеткендей есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар гаджеттердің көмегімен жасалуда, демек заңға қайшы контенттер мен синтетикалық есірткі жарнамалау сайттары ғаламтор желісінде көптеп насихатталуда, одан қалса оларды осы жолмен ақша табуға арбалайтын мессенджерлер құқықтық санасы төмен жасөспірімдерді іздестіруде.

Осы ретте ата-аналарды балаларының жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, араласатын ортасына ерекше көңіл бөлуге шақырамын. Жастар жауапкершілік қарастырылмаған деп санайды, алайда бұл қате пікір, есірткіні бір рет қолданғаннан кейін адам заңды бұзуға бейім болады, өзінің болашағына балта шабады. Осының кесірінен мектеп оқушылары мен студенттер оңай ақшаға қызығып, жауапқа тартылып, өмірлерін темір тордың артында өткізуге мәжбүр.

Бұл әрекеттер аса ауыр қылмыс санатына енгізілді, оны жасағаны үшін 10 жылдан 15 жылға дейін (бұрын – 5 жылдан 10 жылға дейін) бас бостандығынан айыру көзделді. Интернет ресурстарды пайдалану арқылы есірткі тұтынуға тарту ауыр қылмыстар санатына енгізілді, оны жасағаны үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

- Азаматтардың заңсыз есірткі айналымымен байланысты құқық бұзушылыққа бармауының алдын алу мақсатында есірткіні заңсыз жарнамалау және насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Осы әрекет үшін 3 жылға бас бостандығынан айыру көзделген, қатаңдатылған жағдайда 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Есірткісіз қоғам құру – Қазақстанның әрбір азаматының алдындағы міндет екенін ұмытпайық, - деді Серік Тоқтыбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру