Жолаушы – аманат: Ақтөбеде полицейлер жүргізушілермен кездесті
Ақтөбеде полицейлер жүргізушілермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Сіз көлікті емес – өмірді тасымалдап келе жатсыз" — осы ұранмен Ақтөбе облысының полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесу өткізіп, жолдағы қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салып, жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмей, жылдамдық пен маневр жасау талаптарын бұзбауды қатаң ескертті. Сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі бақылауда ұстау — апаттың алдын алуда шешуші рөл атқаратыны да айтылды.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері қоғамдық көлік қатысқан 23-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 21 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл деректер — жүргізушілер тарапынан абай болудың, сақтықты күшейтудің маңызын айқын көрсетіп отыр.
Полиция қоғамдық көлік жүргізушілерін әрбір жолаушының амандығына аса жауапкершілікпен қарап, кез келген рейсті аса мұқият және тәртіппен орындауға шақырды.
Мұндай кездесулер — тек түсіндіру емес, қоғамдық жауапкершілікті арттыратын маңызды диалог алаңы. Өйткені жолаушы — аманат.