"Ауладағы қабылдау" акциясы: полицейлер тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді
"Ауладағы қабылдау" акциясы: полицейлер тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында жергілікті полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық форматтағы кездесу өткізіп, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын түсіндіруді жалғастыруда. Шараның мақсаты — қоғам мен полиция арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық мәдениетті арттыру және тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарға жауап беру. Сондай кездесулердің бірі Атырау қаласындағы №2 полиция пунктінің аумағында өтті. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындарға хабарландыру беріп, қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидасының қалыптасуына үлес қосуға шақырған.
Шара барысында учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция қызметі, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармаларының мамандары қатысып тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, құқықтық кеңестер ұсынды. Есірткі қылмыстары мен интернет-алаяқтардың арбауынан сақ болу үшін қажетті ақпараттар жеткізілді. Патрульдік полиция қызметкерлері ауладағы балаларға жол қауіпсіздігін түсіндіріп, сақ болу керегін ескертті.
Кішкентай қонақтарға балмұздақтар таратылып, полиция қызметкерлерімен достық қарым-қатынас орнатуға бағытталған танымдық сауалнама да ұйымдастырды. Мұндай кездесулер халықпен тығыз байланыс орнатуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және полицияның ашық әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.