Ынтымағы жарасқан полицейлер әулеті
Бір мамандыққа адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында күннің ыстық-суығына қарамастан еңбек етіп келе жатқан тергеушілер мен жедел уәкілдердің отбасы Мұхтаровтар әулеті. Polisia.kz сайты Қазақстан полициясы күні қарсаңында антына адал жандар туралы айтып береді.
Әулеттің үлкені Абдулла Мұхтаров ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет атқарып, подполковник шенімен зейнеткерлікке шыққан. 1964-1989 жылдар аралығында бірінші болып ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Қазақстан Республикасы ІІМ құрметті ардагері, I, II және III дәрежелі “Мінсіз қызметі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдарының иегері. 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген. Оның ішінде 4 ұлы ішкі істер органдарында жедел және тергеу салаларында қызмет жасап, бүгінгі күні зейнеткерлік демалыста.
Ал үшінші буын Абдулла Мұхтаровтың 5 немересі және 2 немере келіні құқық қорғау саласында қызмет жасайды. Жоғарғы білімді заңгерлер. Отбасының бес мүшесі Қарағанды академиясының түлектері.
Бүгінгі күні Мұхтаров Ерлан майор шенімен облыстық прокуратурадан зейнетке шыққан, Мұхтарова Толқын капитан, қалалық прокуратурада қызмет атқаруда.
Мұхтаров Еркебұлан - мамандандырылған күзет басқармасында полиция капитаны, Абдулла Жасұлан полиция аға лейтенанты – полиция департаментінде өзіндік қауіпсіздік басқармасында тергеуші, Абдулла Азамат Қызылорда облыстық ҰҚД тергеуші, капитан.
Немерелері аталары мен әкелерінің ізімен өз еліне қызмет етуді жалғастыруда. Басты қағида - елге адал қызмет ету, қоғамдық тәртіпті сақтауда адал қызмет жасау, әкелерінің қойған тәртібі мен талабын мүлтіксіз орындау.
Еңбегімен еленген, халық құрметіне бөленген сыр сақшыларының ақсақалы, тыл ардагері, полицейлер династиясы Мұхтаровтар әулетінің үлкені Абдулла Мұхтарұлы "Қазақстанның Алтын кітабына" енді. Абыройы асқақтады.
Анығында, атасы қызмет еткен саланы немересіне дейін жалғауы сирек кездесетін жағдай. Бүгінде әке көрген оқ жонар демекші әулетінің дара жолын жалғап, ата аманатын арқалаған немерелері де ел тыныштығын сақтауда.