Қарағанды облысында жазғы лагерьлерде қоғамдық тәртіп күшейтілді
Қарағанды облысында жазғы лагерьлерде қоғамдық тәртіп күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз маусымының басталуымен балалардың тынығу орындарында қауіпсіз орта қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы орайда Қарағанды облысында балалардың жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ювеналдық полиция бөлімшелерінің жұмысы күшейтілген тәртіпке көшірілді.
Жазғы кезеңде облыс аумағында 297 балалар лагері жұмысын бастады. Бұл демалыс орындарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 500-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылды. Әр лагерьге жауапты инспекторлар бекітіліп, олар лагерьдің тыныс-тіршілігін толық бақылауда ұстап отыр.
– Оқу жылы аяқталып, балалардың бос уақыты артқан шақта біздің қызметке артылар жүк те еселенеді. Әсіресе лагерьге бара жатқан жолда, лагерь ішінде, тіпті балалардың күнделікті мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына дейін біздің назарда болады. Әр лагерьде инспекторлар тәрбие сағаттарын өткізіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, – деп атап өтті Қарағанды облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің бастығы Әсел Омарова.
Профилактикалық шаралар аясында полиция қызметкерлері балалар мен олардың тәрбиешілеріне арнап құқықтық сауаттылықты арттыру, киберқауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасаудағы сақтық шаралары сияқты өзекті тақырыптарды қамтитын арнайы лекциялар ұйымдастыруда.
Қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік. Осы ретте ата-аналардан да балалармен ашық сөйлесіп, оларға тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін үнемі ескертіп отыру сұралады. Полиция департаменті өз тарапынан демалыс маусымының тыныш әрі қауіпсіз өтуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.