Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция әулеті: Әміреновтер – қызмет пен адалдықтың үлгісі

Отбасы – адам өміріндегі ең басты құндылықтардың бірі. Әсіресе, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ізгі дәстүр мен рухани мұра – баға жетпес байлық. Ішкі істер органдарында бірнеше буын өкілдері еңбек еткен отбасыларда патриотизм, ар-намыс, борыш пен адал қызмет жай ғана ұғым емес, өмірлік қағидаға айналған. Осындай ұлағатты әулеттердің бірі – Әміреновтер отбасы туралы Polisia.kz сайтында таныс болыңыздар. 

Әулет басшысы Николай Әміренов 1956 жылы Павлодар облысы, Ертіс ауданының Луговой ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Германияда әскери қызметін өткерді. Ал 1976 жылдан бастап ішкі істер органдарындағы қызмет жолын бастады. Бекет айдауылынан бастап, Ертіс аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша ұстау изоляторы бастығына дейінгі түрлі лауазымдарда еңбек етті. Қызмет барысында мінсіз еңбегі үшін бірнеше мәрте марапатталып, грамоталар мен алғыс хаттарға ие болды.

1979 жылы Николай Табарекұлы Қымбат Сұлтанбекқызымен отбасын құрып, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар алты немеренің ардақты атасы мен әжесі. 21 жыл бойы ішкі істер саласында абыроймен еңбек еткен Николай Табарекұлы учаскелік инспектор лауазымынан құрметті демалысқа шықты.

- Мен ұлдарымның дәл менің жолымды таңдауын талап еткен емеспін. Оларды тек Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдық рухында тәрбиеледік. Ал Аспандиярдың өз таңдауын саналы түрде жасағанын көргенде, жүрегімде мақтаныш сезімі оянды, – дейді Николай Табарекұлы.

Әкесі бастаған жолды бүгінде полиция капитаны Аспандияр Әміренов лайықты түрде жалғастырып келеді. Ол – Ертіс аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінде жедел уәкіл болып қызмет атқарып, ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт бойы табанды еңбек етіп келеді.

- Мен бала кезімнен әкемнің формасына қызығып, оның полициядағы қызметі туралы айтқан әрбір оқиғасын қызыға тыңдадым. Әкемді әрдайым мақтан тұттым. Бүгінде оның жолын жалғастырып, полиция әулетінің абыройын сақтау – мен үшін үлкен мәртебе, – дейді Аспандияр.

Әміреновтер отбасы – тек бір әулеттің ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне үлес қосқан адал қызметтің айқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру