"Таза Қазақстан" акциясы: Елордада полиция кәріз желісіне заңсыз су ағызу фактісін анықтады
Елордада полиция кәріз желісіне заңсыз су ағызу фактісін анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде басталған "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында табиғатты қорғау бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Экологияны сақтау, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс пен ағынды суларды төгудің алдын алу — басты мақсат.
Акция барысында полиция қызметкерлері 50 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде қоқысты заңсыз төгу, рұқсат етілмеген орындарға ағынды су ағызу, қоршаған ортаны ластау фактілері тіркеліп отыр.
Мәселен, Қ.Сәтбаев көшесінде ассенизатор көлігінің жүргізушісі кәріз суларын нөсерлік кәріз жүйесіне заңсыз ағызған.
Рейдтік іс-шаралар "iKomek-109" анықтамалық қызметімен бірлесіп, күнделікті жүргізілуде. Нәтижесінде 600-ден астам жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"Таза Қазақстан" акциясы — қоршаған ортаның тазалығын сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. Табиғатты аялау — әр азаматтың борышы.
Егер сіз заңсыз қоқыс төгу немесе экологияға зиян келтіретін өзге де әрекеттердің куәсі болсаңыз, дереу "102" нөміріне хабарласыңыз.
Табиғат — ортақ қазына. Оны қорғау — ортақ міндет!