Қоғамнан оқшауланған жастармен жұмыс: Қызылордада жұмысшы топтың отырысы өтті
Қызылордада жұмысшы топтың отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық әкімдігінде NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі жұмысшы топтың кезекті отырысы ұйымдастырылды. Кездесуде қоғамнан оқшауланған, жұмыссыз немесе оқу үрдісіне тартылмаған жастардың әлеуметтенуіне бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиынға жергілікті атқарушы органдар, білім беру, жұмыспен қамту саласының өкілдері мен қалалық пробация қызметінің мамандары қатысты. Кездесу барысында қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Г.Байсариева пробация есебінде тұрған жастардың жағдайына тоқталып, олардың әлеуметтік бейімделуіне қажетті ұсыныстарын ортаға салды. Айтуынша, қазіргі таңда пробация есебінде 500-ге жуық сотталған болса, олардың 130-дан астамын 34 жасқа дейінгі жастар құрайды.
Отырыс қорытындысында NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу мақсатында бірнеше нақты қадамдар айқындалды. Атап айтқанда, жастарды кәсіпкерлікке баулу үшін "Бизнес бастау" бағдарламасына тарту, "Жасыл ел" бағдарламасы аясында маусымдық және тұрақты жұмысқа орналастыру, сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіби оқуларға жолдама беру туралы шешімдер қабылданды.
Бұл бастамалар әлеуметтік осал топтағы жастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, еңбек нарығына бейімделуіне және қоғаммен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік бермек. Жиын соңында жауапты мекемелерге жастармен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру, олардың жағдайын тұрақты мониторинг жасау және нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейту тапсырылды.