“Қоғамдық қабылдау”: Қостанайда мемлекеттік органдар халықпен жол бойында кездесті
Қостанайда мемлекеттік органдар халықпен жол бойында кездесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауликөл трассасы бойындағы қалаға кіреберіс жерде ерекше акция өтті. Бірнеше мемлекеттік органның өкілдері жүргізушілермен тікелей байланыс орнатып, олардың сұрақтарын тыңдап, профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акцияға Қостанай облысы полиция департаментінің, прокуратураның, Қаржы мониторингі агенттігінің, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ-ның және көлік бақылау инспекциясының қызметкерлері қатысты. Игі бастаманың мақсаты – азаматтармен тікелей диалог орнату және жол қозғалысы қауіпсіздігі, салық және қаржылық мәселелерге қатысты туындауы мүмкін проблемаларды дер кезінде анықтау.
— Біздің басты мақсатымыз – облыс тұрғындары мемлекеттік органдармен еркін тілдесе алатынын білуі тиіс. Мұндай көшпелі қабылдаулар халықтың шағымдарына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, әсіресе ресми қабылдауға келе алмайтын азаматтар үшін бұл өте маңызды, — деді Қостанай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Амиров.
Тексеру кезінде мемлекеттік орган өкілдері ақпараттық парақшалар таратып, заңнамадағы жаңашылдықтар туралы айтып берді және жүргізушілерге сол жерде кеңес берді. Әңгімелер алдын алу және түсіндіру сипатында өтті.
Көптеген жүргізушілер мамандарға тікелей сұрақ қою мүмкіндігін пайдаланды:
– Қазір көлікке газ қондырғысын орнатуға бола ма?
– Артық жүк тасымалдағаны үшін қандай айыппұл қарастырылған?
Мамандар әр сұраққа жан-жақты жауап беріп, қажет болған жағдайда жеке кеңеске жазылуды ұсынды.
— Мен үнемі жол үстіндемін, мекемелерге барып кеңес алуға уақытым болмайды. Ал мынадай акция өте ыңғайлы екен – тоқтадым, сұрадым, керек ақпаратты алдым. Қажетті шара, – деп бөлісті жүк көлігінің жүргізушісі Бауржан Сеитов.
Акция барысында жолдағы қауіпсіздікке баса назар аударылды. Бұл әсіресе жазғы маусымда, жолдағы көлік ағыны артатын кезеңде өзекті.
— Біз жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау, жүк пен жолаушы тасымалдау ережелерін бұзбау және көлікті мас күйде басқарудың жауапкершілігі туралы ескерттік, – деді Қостанай облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік тәжірибе бөлімінің бастығы Қайрат Кеншимбаев.
Ұйымдастырушылар “Қоғамдық қабылдау” акциясы тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтып, келесі жолы Қостанай облысының өзге бағыттары мен аудандарында жалғастыруды жоспарлап отыр.