СҚО жолдарына қосымша "ақылды" бейнекамералар орнатылды
СҚО жолдарына қосымша "ақылды" бейнекамералар орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұндай жүйелер орнатылған жол айрықтарында ауыр зардаптары бар бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Апаттылықты талдау мен азаматтардың өтініштеріне сүйене отырып, полицейлер бұл жүйелерді қала маңындағы жолдарға да енгізу жұмыстарын жалғастыруда.
Бүгінде СҚО-да 67 "интеллектуалды" бейнебақылау аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді. 10 маусымнан бастап қозғалыс қарқыны жоғары Қызылжар ауданының шеткі аймақтарында тағы 5 жаңа құрылғы іске қосылды. Олар Жезқазған – Петропавл трассасындағы Бескөл мен Бәйтерек ауылдарының негізгі кіреберістерінде, Астана – Петропавл жолындағы "Altiro" кафесінің маңында және Челябі – Новосібір трассасындағы Белое ауылының негізгі кіреберісінде орнатылған.
Бұдан бөлек, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ "Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы" филиалы Көкшетау – Петропавл автожолында Бескөл, Астраханка және Драгомировка ауылдарының маңындағы аркаларға жылдамдықты автоматты өлшеу құралдарын орнатты.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың мақсаты – өңір жолдарындағы апаттар санын азайту. Биылғы жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстанда 184 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам қаза тауып, 256 адам жарақат алды. Полицейлер жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.