Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Ер есімі – ел есінде": Қарағандыда тағылымды іс-шара өтті

Қарағанды облыстық полиция департаментінде ел тыныштығы жолында құрбан болған тәртіп сақшыларын құрметтеуге арналған "Ер есімі – ел есінде" атты тағылымды іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz

Шара аясында департамент басшылығы, ардагерлер кеңесі және қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлердің жақындары департамент ауласындағы мемориалға гүл шоқтарын қойып, бейбіт күннің батырларын бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін аспанға үш мәрте оқ атылып, олардың ерлігіне тағзым жасалды.

Іс-шара одан әрі департаменттің мәжіліс залында жалғасып, департамент бастығының міндетін атқарушы Әбіл Әбілдин қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасына ерекше ілтипат білдірді.

– Тәуелсіздік алған жылдан бері Қарағанды облысы ішкі істер органдарының 90-нан астам қызметкері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапты. Олардың 30-ға жуығы – қаруланған қылмыскерлермен бетпе-бет келіп, ерлікпен қаза тапқан батырлар. Олар – біздің жүрегімізде мәңгі сақталатын есімдер, ал олардың ерлігі – болашақ ұрпаққа өнеге, – деді Әбіл Әбілдин.

Жиын барысында ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының туыстарына естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар қызмет барысында ерекше көзге түскен полиция қызметкерлеріне ІІМ мен департамент басшылығының ведомстволық наградалары мен грамоталары тапсырылды.

Мерекелік рәсім аясында "Динамо" дене шынықтыру қоғамының 100 жылдығына орай Солтүстік Қазақстан облысында өткен қазақ күресінен чемпионатта топ жарған Қарағанды командасының мүшелеріне кубок пен медальдар табысталды.

Айта кету керек, Қазақстан полициясы күніне арналған негізгі салтанатты концерттік шара 27 маусым күні Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында өтеді. Кеш барысында белгілі эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік бағдарлама ұсынылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру