Қостанайда 8 жасөспірім ПД бастығының қолынан жеке куәлік алды
Қостанайда 8 жасөспірім ПД бастығының қолынан жеке куәлік алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының полиция департаментінде 16 жасқа толған жасөспірімдерге алғаш рет жеке куәліктерді тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шара республикалық ATAZAN AZAMAT KZ челленджі аясында ұйымдастырылды. Эстафета Қарағанды облысынан Қостанай облысына өтіп, әрі қарай Қызылорда облысына жолданды.
Сегіз мектеп оқушысы және құжатын онлайн рәсімдеген бір ересек адам жеке куәліктерін департамент бастығы Ерлан Файзуллиннің қолынан алды. Салтанатты рәсімге жасөспірімдердің ата-аналары да қатысты.
— Бұл жай ғана құжат емес. Бұл — сіздердің ересек өмірге аяқ басып, елдің толыққанды азаматы болғандарыңызды білдіретін белгі. Бірақ әрбір құқықпен бірге заңды құрметтеу, адал болу, Отанды аялау секілді міндеттер де келеді, — деді Ерлан Файзуллин жасөспірімдерді құттықтай отырып.
Алғашқы құжаттармен бірге полиция қызметкерлері балалардың аналарына да естелік ретінде символикалық сыйлықтар табыс етті.
— Алғаш рет жеке басты куәландыратын құжатты генералдың қолынан алып тұрмын. Бұл оқиға мен үшін үлкен мақтаныш, — деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Сұлтанбейбарыс Ахметжанов.
Құжаттандыру бөлімінің бастығы Гүлжанат Кудебаеваның айтуынша, биыл 17 мың адам төлқұжат алған, ал 26 мың адам жеке куәлік иесі атанған.
Салтанатты іс-шарада мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрде алу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
— eGov порталы арқылы өтініш бердім, тіпті үйден шықпай-ақ. Бүгін құжатты генералдың қолынан алдым. Өте ыңғайлы әрі заманауи, — деп бөлісті қостанайлық Малик Жақсалыков.
Айта кетейік, республикада құжаттарды онлайн рәсімдеудің пилоттық жобасы биыл мамыр айынан бастап іске қосылған болатын.