Атырау облысында полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті
Атырау облысында полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері қала аумағында 19 маусымнан бастап мектеп бітіруші түлектерге арналған мерекелік кештердің ұйымдастырылуына байланысты күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында қосымша полиция жасақтары жұмылдырылып, кештер өтетін орындарда құқықтық тәртіпке бақылау күшейтілді. Бұл шаралар – мектеп түлектерінің, ата-аналардың және қала тұрғындарының тыныштығын сақтау үшін қолға алынуда.
Полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, алкоголь және басқа да тыйым салынған заттарды пайдалануға жол бермеу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
- Бүгін біз жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқарудамыз. Бұл — мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше әрі жауапты күн. Біз олардың мерекені тыныш әрі қауіпсіз жағдайда өткізуін қадағалап тұрмыз. Өйткені дәл осындай күндері жастар арасында әртүрлі құқық бұзушылықтар, жол-көлік оқиғалары немесе келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін. Біздің міндетіміз — ондай жағдайлардың алдын алып, жасөспірімдердің өміріне, денсаулығына қауіп төнбеуін қамтамасыз ету. Барлық түлектерге айтарым — бұл кешті жақсы көңіл-күймен өткізіп, ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың сенімін ақтаңыздар. Заңды бұзбай, қоғамдық тәртіпті сақтап, бір-бірлеріңізге қолдау көрсетіңіздер, – деді Атырау қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы Ботагөз Дүйсенгалиева.
Сонымен қатар ішкі істер органдары мерекелік іс-шаралар кезінде кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында ата-аналармен де тығыз байланыс орнатуда.