Қызылордада полицейлер мерекеге орай ауқымды іс-шара ұйымдастырды
Қызылордада полицейлер мерекеге орай ауқымды іс-шара ұйымдастырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Күні-түні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, қылмыспен күресуден талмайтын полиция қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Биыл полиция күні Қызылорда облысында ерекше атап өтілді. Мерекелік шара Сырдың төріндегі Өнер орталығында өтті.
Қазақстан полициясы күні – ел қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғап, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларына, осы қызметтің қалыптасуының басы-қасында болған ардагерлерге алғыс білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен айбынды полиция қызметкерлеріне құрмет көрсету күні болып саналады. Мерекелік шара барысында жиналған тәртіп сақшылары еліне адал қызмет атқара жүріп қайтыс болған әріптестерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Кең де көрікті мәдениет сарайында мыңға жуық тәртіп сақшылары жиналды. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы полиция қызметінің қоғамдағы рөліне тоқталып, полицейлердің еселі еңбегін атап өтті. Өңір басшысы бірқатар полиция қызметкеріне қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін марапаттарын табыстады. Мерекелік шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған тәртіп сақшылары жиынға келген қадірменді қонақтарды үлкен құрметпен қарсы алды.
Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің бастығы Азамат Мұратұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Ахметқалиев, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңесұлы қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығы мен амандығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, қызметінде ерекшеленген полицейлерді марапаттады.
Қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдап, батылдылық пен табындылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстаған тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған шара барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың мерекелік құттықтау хаты оқылды.
Министрдің бұйрығымен кезектен тыс арнайы атаққа лайықтыларды марапаттап, қызметте жоғары жетістіктерге жеткен мамандардың кеудесіне төсбелгілер тағылды. Одан бөлек, қоғамдық тәртіпті қадағалауға қажетті жұмыстарды ұйымдастырған мамандарға “Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін”, “Ішкі істер органдарының үздігі” төсбелгілері табысталды.
Жалпы, “Қазақстан полициясы күні” мерекесіне ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен 26 қызметкер марапатталса, полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов бұйрығымен 224 қызметкер түрлі марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар департамент бастығы өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер 36 ардагерін марапаттады. Өз кезегінде полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов ардагерлерге көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, құттықтауын жеткізді.
— Сіздерді 23 маусым – Қазақстан полициясының күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осы маңызды күні еліміздің ішкі істер саласының іргетасын қалап, оның дамуына үлес қосқан ардагерлерге, сондай-ақ күн-түн демей, ауа- райына қарамай қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың тыныштығын қорғау жолында аянбай қызмет етіп жүрген әріптестеріме зор ризашылығымды білдіремін. Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару барысында ерлікпен қаза болған 4 әріптесіміздің есімдері біздің жадымызда мәңгі сақталады.
Біз олардың жарқын бейнесін әрдайым еске алып, рухтарына тағзым етеміз. Мұндай жанқиярлық – өскелең ұрпаққа үлгі, халқымызға мұра.
Осынау атаулы күні баршаңызды кәсіби мереке - Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге мықты денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығын күзету, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс – несібеге толсын!, — деді департамент бастығы.
Сонымен қатар департамент бастығы Серік Жүрсінбайұлы ішкі істер органдары үшін басым міндеттер айқындалған құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылған Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына жіті тоқталып өтті.
Мерекелік шараның ресми бөлігінен кейін “Сыр сақшылары – 2025” атты концерттік бағдарлама бастау алды. Кеш барысында домбыраның күмбірі, Отан, қызмет пен борыш туралы әсерлі әндер орындалды. Сахна төріне шыққан өнерпаздар көрерменге жылы эмоция, жүрекке жететін әуендер мен шынайы лебіздерін сыйлады.