Қарағанды облысында сотталғандар арасында жазғы спартакиада басталды
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД-ға қатысты №36 мекемесінде сотталғандар арасында жыл сайынғы жазғы спартакиаданың салтанатты ашылуы рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спартакиада салауатты өмір салтын насихаттау, сотталғандардың дене және моральдық жағдайын нығайту, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде спорттық мәдениетті дамыту мақсатында өткізіледі. Мұндай іс-шаралар ұжымдағы психологиялық ахуалды жақсартуға, жауапкершілік сезімін, командалық рух пен өзара сыйластықты қалыптастыруға ықпал етеді.
Ашылу салтанатына Шахтинск қаласының жастар орталығының қызметкерлері шақырылды, олар жарысқа қатысушыларға қолдау білдіріп, сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу үшін осындай бастамалардың маңыздылығын атап өтті және спортшыларға сәттілік тіледі.
Спартакиада бағдарламасына әртүрлі спорт түрлері енді. Атап айтсақ, шағын футбол, волейбол, арқан тарту, армрестлинг және жеңіл атлетика болды. Барлық жарыс әділ бәсекелестік рухында, белгіленген ережелерге сай және мекеме әкімшілігінің бақылауымен өтті.
— Жыл сайын спартакиадаға деген қызығушылық артып келеді. Қатысушылар саны өсіп, дене шынықтыру деңгейі мен белсенділік жоғарылауда. Спортпен айналысу — сотталғандарды қоғамға бейімдеу және әлеуметтендіру мақсатындағы тәрбие жұмысының маңызды бөлігі, — деді мекеме бастығының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары А.Кошкинов.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.