Жамбыл облысында "Есірткісіз өмір сүр!" ұранымен бірқатар спорттық іс-шара басталды
Жамбыл облысының Шу ауданында спорттық жарыстар мен профилактикалық семинарды біріктірген есірткіге қарсы науқан басталды. Жоба "Есірткісіз өмір сүр!" — " Живи без наркотиков!" ұранымен өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жасөспірімдер арасындағы іс-шараны Жамбыл облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімімен және "Елу жылда - Ел жаңа" қоғамдық бірлестігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Ашық аспан астындағы аудандық саябақта қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті: асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту. Қатысушылар күш пен ептілікті ғана емес, сонымен қатар командалық өзара әрекеттестікті де көрсете білді.
Жарыс жеңімпаздары үш номинация бойынша анықталды. Асық атуда бірінші орынды Нұртаза Төлеу, екінші орынды Жалғас Мырзахметов, ал үшінші орынды Диас Сапаралы иеленді.
Ләңгі тебуде Сержан Ғабитұлы көшбасшы болды, одан кейін Диас Сапаралы мен Райымбек Қайырымбек болды. Арқан тарту командалық сайысында "Төле би" командасы жеңіске жетті, екінші орынды "Балуан Шолақ" командасы, үшінші орынды "Шу қаласы" командасы иеленді.
Жарыс жеңімпаздары грамоталар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
- Біздің мақсатымыз - зиянды әдеттердің алдын алу. Ұлттық спорт түрлерін пайдалана отырып, жастарды салауатты және белсенді әлеуметтік ортаға тарту, - деді ПД ЕҚҚІБ бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.
Мұндай іс-шараларды облыстың басқа аудандарында мүмкіндігінше жастарды көбірек қамту және есірткіні тұтыну мәселесіне назар аудару мақсатында өткізу жоспарлануда.