СҚО-да ҚАЖ қызметкерлері арасында футзалдан турнир өтті
СҚО-да ҚАЖ қызметкерлері арасында футзалдан турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Салауатты өмір салтын насихаттау және корпоративтік рухты нығайту мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен футзалдан турнир өткізілді. Спорттық шараға бес бөлімшенің командалары қатысты: №48, №50, №52, №66 мекемелері және департаменттің құрама командасы.
Турнир Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталды. Қатысушыларға арнап сөз сөйлеген Қанат Сүлейменов мұндай іс-шаралардың қызметкерлердің дене дайындығын арттырып қана қоймай, тәртіпті, ұйымшылдықты және өзара қолдауды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Ойын барысында командалар жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдықты және жеңіске деген жігерін көрсетті. Турнирдің шарықтау шегі №48 және №66 мекемелері арасындағы финалдық матч болды. Тартысты ойында №48 мекемесінің командасы №66 мекемесін 3:2 есебімен жеңіп, турнир жеңімпазы атанды. Екінші орынды №66 мекемесі иеленсе, үшінші орынға департамент командасы тұрақтады.
Жеке номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. “Үздік ойыншы” атағына – әділет аға лейтенанты Асқарбек Жұмашев, “Үздік қақпашы” – әділет капитаны Вадим Голуб, ал “Үздік қорғаушы” – әділет майоры Эдуард Беккель лайық деп танылды.
Футзалдан өткен бұл турнир ұжым ішіндегі байланысты нығайтып, қызметкерлерді белсенді әрі салауатты өмір салтына ынталандыратын, сондай-ақ кәсіби ортада жағымды ахуал қалыптастыруға үлес қосатын жарқын үлгі болды.