Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тарихи жүлде: ұландықтар семсерлесуден әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері тарихта алғаш рет семсерлесуден әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері ел спорты тарихының тағы бір жаңа парағын ашты. Олар семсерлесуден өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды Жарыс Грузияда өтіп, дүние жүзінің ең мықты командаларын жинаған болатын. Командалық есепте шпагамен өткен бәсекеде ұландық спортшылар сенсациялық жетістікке қол жеткізді.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құрамасы бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған Франция командасын 45:31 есебімен айқын жеңді.

Бұл қола - шпагамен семсерлесуден командалық есепте Қазақстан тарихындағы алғашқы әлемдік жүлде болды.

Турнир барысында ұландықтар Ресей, Қытай және Италия командаларын жеңіп, кәсіби шеберлік пен төзімділіктің жоғары үлгісін көрсетті. Жартылай финалда Жапониямен болған тартысты кездесуде қарсыластан әлдеқайда көп ұпай жинағанына қарамастан, соңғы сәтте жеңісті қолдан беріп қойды - бұл жағдай Азия чемпионатының бір ай бұрынғы финалында да қайталанған еді.

Тарихи жүлде жеңіп алған команданың құрамына Ұлттық ұланның әскери қызметшілері енді:

Эльмир Әлімжанов — спорт жөніндегі аға нұсқаушы;

Руслан Курбанов — спорт жөніндегі аға нұсқаушы;

Вадим Шарлаимов — дене дайындығы және спорт жөніндегі аға маман, аға нұсқаушы, сондай-ақ Кирилл Проходов.

Бұл жеңіс - тек спорттағы жетістік емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің жоғары физикалық және жауынгерлік даярлығының айғағы. Олар ел мүддесін тек қызмет бабында ғана емес, халықаралық спорт ареналарында да абыроймен қорғап, Қазақстанның беделін арттыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру