Жетісуда полицейлер жолда жүргендерге үндеу жасады
Жетісу облысының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері өңір тұрғындарына үндеу жасап, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың мән-маңызын түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің айтуынша, олардың басты мақсаты — азаматтарды жазалау емес, жол ережесін сақтаудың маңызын ұғындыру.
- Заңды сақтау – бұл жай талап емес, ол – қауіпсіз әрі тәртіпті болашақтың кепілі. Заң үстемдік құрған жерде ғана тұрақтылық пен қауіпсіздік орнайды, – делінген полиция үндеуінде.
Құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, көлік тізгіндеген әрбір жүргізуші жол ережесін бұзған сәттен бастап өз өміріне ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың да қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сондықтан әрбір азамат жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға міндетті.
Жүргізушілер тарапынан тәртіп сақталған жағдайда жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай азайып, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі артады.
Бүгінде мемлекет жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар заманауи технологияларды енгізуде. Атап айтқанда, дрондар, "Екіn патруль" жасырын бақылау жүйесі, сондай-ақ басқа да цифрлық құралдар тәртіп бұзушылықтарды жедел анықтауға және алдын алуға мүмкіндік беруде. Бұл – полицейлердің алдын алу сипатындағы жұмысын одан әрі тиімді ете түсуде.
Тәртіп сақшылары өз қызметінің жазалау емес, ескерту, түсіндіру және алдын алу қағидаттарына негізделетінін ерекше атап өтті.
#Заңжәнетәртіп және #Біздіңполиция хэштегтері құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қоғамда заңға бағыну қағидатын насихаттау мақсатында кеңінен қолданылуда.
Полиция қызметкерлері барлық жүргізушілерді жауапкершілікпен әрекет етуге, тәртіпке бағынып, мына қағиданы жадыда ұстауға шақырады:" Заң – бұл шектеу емес, баршаның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ереже".