Цифрлық әлемнің ережелері: киберполиция балалармен кездесті
Жетісу облысы Текелі қаласындағы жазғы лагерьде ерекше форматтағы танымдық кездесу өтті. Киберқылмыспен күрес басқармасының полицейлері лагерь тәрбиеленушілеріне интернеттегі қауіпсіздік туралы қызықты әрі пайдалы ақпарат ұсынды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Әдеттегі дәріс емес – ашық әңгіме, ойын элементтері және әр бала өзін цифрлық кеңістіктің шынайы қорғаушысы ретінде сезіне алатын әсерлі форматта өткен бұл кездесу балалардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Іс-шараның басты тақырыбы – интернеттің мүмкіндіктері мен қауіп-қатерлері жайлы болды. Киберполиция өкілдері балаларға онлайн-алаяқтардың айла-тәсілдері, жеке деректердің құпиялылығы және әлеуметтік желілердегі қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ережелері туралы кеңінен түсіндірді. Барлық ақпарат нақты мысалдармен, балалардың жас ерекшелігіне сай, түсінікті тілде жеткізілді.
Кездесу барысында тәртіптің бала кезден басталатыны және алғашқы құқықтық түсініктің отбасында қалыптасатыны ерекше атап өтілді. Сандық мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі. Сондықтан интернетпен дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларын ерте жастан үйрету – ұрпақ қауіпсіздігінің негізі.
Жетісу облысында мұндай профилактикалық іс-шаралар дәстүрге айналып келеді. Киберполиция қызметкерлері сенімді: тәрбиелеу мен ашық диалог — қазіргі цифрлық әлемде өсіп келе жатқан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең тиімді жолы.