Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада полицейлер Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған кешке қатысты

Елордада полицейлер Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған рухани-мәдени кешке қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласы полиция департаментінде қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай рухани-мәдени кеш ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – халқымыздың мәңгілік рухани шамшырағы атанған Абай мұрасын кеңінен насихаттап, оның адамгершілікке, әділетке, білім мен бірлікке үндейтін өсиеттерін жас ұрпақ санасына сіңіру.

Кешті Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қызметкері Ғалия Рамазанқызы кіріспе сөзбен ашып, Абай шығармашылығының мән-маңызына тоқталды. Ол ұлы ақынның еңбектері уақыт сынынан сүрінбей өтіп, бүгінгі күнге дейін өз құндылығын жоғалтпағанын атап өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар назарына Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған қысқаметражды танымдық бейнеролик ұсынылды. Онда ақынның өмір жолы, қоғамдық көзқарастары, әдеби мұрасы мен қазақ мәдениетіндегі рөлі жан-жақты бейнеленді.Концерттік бөлімде полиция департаментінің қызметкерлері Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, оның әндерін орындады. Әдеби-сазды кеш көрермендерге рухани әсер сыйлап, ақын шығармашылығын терең сезінуге мүмкіндік берді.

Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған бұл кеш – ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен мемлекеттік қызметкерлер арасында мәдени-ағартушылық жұмысты дамыту жолындағы игі бастамалардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру