Ақтөбеде жас полицейлер ардагерлермен кездесті
Ақтөбеде жас полицейлер ардагерлермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
11 тамызда Ақтөбе қаласында ерекше патриоттық кездесу өтті. Ішкі істер министрлігінің Құрметті ардагерлері – полиция генерал-майоры Қожамұрат Ускимбаев пен полиция генерал-майоры Патрис Нокин туған өңіріне арнайы келіп, жас полиция қызметкерлерімен жүздесті. Іс-шараны Ақтөбе облыстық полиция департаменті ұйымдастырды.
Бұл жиын – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі, жауынгерлік рух пен құрметке толы тағылымды басқосу болды. Әртүрлі жылдары өңір полициясына басшылық еткен генералдар қарапайым қызметтен жоғары әскери атаққа дейінгі жолын, өмірлік ұстанымдарын, қызметтік қиындықтар мен жетістіктерін баяндады. Олардың естеліктері жас қызметкерлер үшін үлкен мотивация мен тәрбиелік мәнге ие болды. Ардагерлер сонымен қатар кәсіби жетістіктермен қатар отбасы құндылығының да маңызын атап өтті.
Кездесуде қызмет барысында көзге түскен жас полицейлер де сөз сөйлеп, полициядағы алғашқы қадамдары, көрсеткен ерліктері мен тәлімгерлерінен алған тәжірибесі жайлы ойларын ортаға салды. Оларға бекітілген тәжірибелі тәлімгерлер жас мамандарды ұжымға бейімдеу, кәсіби тұрғыда шыңдау және қызметтік ортада өз орнын табуға бағытталған тәжірибелерімен бөлісті.
Полиция департаментінің бастығы Абай Жусупов ардагерлер мен тәлімгерлерге жастарға үлгі көрсеткені үшін алғыс білдіріп, полиция қызметінің маңыздылығы мен жауапкершілігін атап өтті. Ол антқа адал, халыққа жақын, сенімді полиция қызметкерлерін тәрбиелеу – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Кездесу барысында мәртебелі қонақтар өңір полициясының материалдық-техникалық базасымен танысты. Оларға жедел басқару орталығы, заманауи ғимараттар және жаңа автокөліктер көрсетілді. Бұл – полицияның халыққа сапалы әрі жедел қызмет көрсетуге дайындығын айғақтайтын көрсеткіш екені айтылды.
Іс-шара соңында тәлімгерлерге, бес жас қызметкерге және бес полиция қызметкерінің ата-анасына алғысхаттар табысталды. Сондай-ақ жас мамандар қос генералдың қолынан алғашқы қызметтік куәліктерін салтанатты түрде алды.