Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Криминалистің қызметтегі бір күні

Ақсу қаласы полиция бөлімінің аға криминалисті Әлихан Тақижанов үшін әрбір күн – ұсақ-түйекке дейін назар аударуды, шыдамдылық пен кәсіби дәлдікті талап ететін жауапты жұмыс. Оның міндеті – қылмыс орнындағы әрбір ізі мен айғағын дер кезінде анықтап, істің ашылуына жол ашу. Полиция қызметкерінің жұмыстағы бір күні туралы Polisia.kz сайты баяндайды.

Криминалистің жұмыс күні таңсәріден басталады, әрине, егер күтпеген жағдайлар орын алмаса. Бүгінгі күн тыныш басталды, сондықтан Ақсу қаласы полиция бөлімінің аға криминалисті Әлихан Тақижанов өз кабинетінде күнделікті жұмысына кірісті – бірнеше күн бұрын зерттеуге тапсырылған заттарды мұқият тексеруде.

– Алдымен, бұл атыс қаруы ма, соны анықтап алу керек, – дейді ол.

Кейде бұл оңай шаруа емес. Өйткені ойыншық немесе макет қарулар бар, олар сыртқы түрімен шынайы қарудан айнымайды, бірақ іс жүзінде атыс қаруы болып саналмайды. Тіпті кейбір адамдар бастапқы әскери дайындық сабақтарында қолданылатын, оқ атуға арналмаған бөшкелерді қайта жарақтандырып, оларды жауынгерлікке айналдыруға тырысады.

– Біз тергеушілерге қылмыс орнындағы іздер мен заттай дәлелдемелерді анықтауға көмектесеміз. Әдетте, дәлелдерді табу – сарапшының, ал нәтижелерді тіркеу және өзге де іс жүргізу әрекеттерін орындау – тергеушінің міндеті. Біз оқиға орнын зерттейміз, айғақтарды аламыз, буып-түйеміз, зерттейміз, фото және бейнефиксация жасаймыз, жоспарлар мен сызбалар құрамыз, қосымша техникалық құралдарды қолданамыз, тергеушілер мен басқа да мамандарға кеңес береміз. Қажет болса, сот отырыстарына да қатысамыз, – дейді Әлихан.

Оның қазір жеті түрлі рұқсаты бар: дактилоскопия, суық қаруды зерттеу, трасология, баллистика, құжаттарды техникалық зерттеу, қолжазба сараптамасы және портреттік зерттеу.

Басқа кез келген мамандық сияқты, криминалистикада да тәжірибе – басты ұстаз. Бірнеше жыл қызмет еткен маман қайда іздеу керегін, нені іздеу керегін біледі, жас тергеушілер мен жедел уәкілдерге бағыт-бағдар береді, куәгерлермен сөйлеседі, тіпті жаңа куә таба алады.

Криминалистерді өзгелерден ерекшелендіретін бір белгі – олар әрдайым арнайы құрал-саймандарға толы "фирмалық" чемоданмен жүреді. Оның ішінде щеткалар, индикатор ұнтақтары, электронды үлкейткіштер және басқа да қажетті заттар бар.

– Мұндай жиынтықтың салмағы кемінде жеті келі болады. Әсіресе, түн ортасында ауыл шетінде жүгіріп жүргенде бұл салмақ айқын сезіледі. Бірақ осындай шағын зертхана арқылы оқиға орнында-ақ негізгі дәлел түрлерін зерттеуге болады, - деп күліп еске алады Әлихан.

Сарапшылардың қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтауға арналған арнайы электрондық базасы бар. Алайда ең алдымен қылмыс орнын мұқият зерттеу қажет. Әр маман барынша ұқыпты болып, қылмыскер секілді ойлай білуі керек. Мұнда жалпы көрініс те, ең ұсақ бөлшек те маңызды.

Көп жағдайда қылмыстың ашылуы криминалистің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты. Оқиға орнын зерттеу кезінде бір ғана ұсақ бөлшекті өткізіп алу – істің шешілуіне кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті, көзге көп көрінбегенімен, криминалистің еңбегі – полиция қызметіндегі ең маңызды буындардың бірі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру