Алаяқтар қостанайлық тұрғындарды жасөспірімдердің WhatsApp аккаунттары арқылы алдаған
Қостанай облысында жасөспірімдер WhatsApp аккаунттарын алаяқтарға сатқан, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Жітіқара қаласында үш жасөспірімді анықтады. Олар өздерінің WhatsApp аккаунттарын телефон арқылы алаяқтық жасайтын адамдарға сатқан.
Тергеу деректеріне сүйенсек, жасөспірімдердің аккаунттарын пайдаланған алаяқтар Қостанай қаласының екі тұрғынын жалпы сомасы 11 миллион 950 мың теңгеге алдаған. Қаскөйлер жәбірленушілерге қоңырау шалып, түрлі сылтаулармен SMS арқылы келген кодты айтуын сұраған. Бұл – классикалық алаяқтық сызбаның бірі: "Сізге код жіберілді, оны айтып жіберіңізші". Кодқа қол жеткізген соң, олар жәбірленушілердің банк шоттарынан қаражатты шешіп алған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша жасөспірімдердің іс-әрекетіне құқықтық баға беріліп, олардың ата-аналарын жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылмақ.
Полиция ескертеді: алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Олардың қатарында мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жалған аккаунт ашып, сенімге кіру және ақшаны иемдену тәсілдері бар.
Құқық қорғау органдары ата-аналарға балалардың интернеттегі іс-әрекетіне көбірек назар аударуға және оларға мұндай "оңай табыстың" қауіптілігін, оның құқықтық және қаржылық салдарын түсіндіруге кеңес береді.