Қызылордада полиция жол қозғалысы ережесін бұзған көлік жүргізушісін ұстады
Қызылордада полиция жол қозғалысы ережесін бұзған көлік жүргізушісін ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жылдың 11–13 тамызы аралығында Қызылорда қаласы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында "Балабақша" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның алғашқы екі күнінде полиция қызметкерлері тарапынан барлығы 197 құқық бұзушылық тіркелді. Анықталған негізгі заң бұзушылықтар: міндетті сақтандыру полисінің болмауы – 13 дерек, жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзу – 43 дерек, техникалық қарап-тексеруден өтпеген көліктер – 23 дерек, қауіпсіздік белдіктерін, мотошлемдерді қолданбау – 79 дерек, жүргізуші куәлігі жоқ жүргізушілер – 6 дерек, басқару құқығынан айырылғанына қарамастан көлік жүргізу – 1 дерек.
Нәтижесінде 25 автокөлік айыптұрағына қойылып, 20 мемлекеттік нөмір белгісі тәркіленді.
11 тамыз күні Шиелі ауданында полиция қызметкерлері бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен автокөлікті тоқтатты. Тексеру барысында көлік ішінде балалардың бар екені анықталды. Белгілі болғандай, аталған автокөлік балабақшаға тиесілі және бүлдіршіндерді балабақшаға апара жатқан.
Жүргізушінің тарапынан бірнеше жол қозғалысы ережесі бұзылғаны үшін оған 4 бірдей хаттама рәсімделді. Полиция қызметкерлері мектепке дейінгі ұйымдарға тиесілі көлік жүргізушілеріне балалардың қауіпсіздігіне ерекше жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертеді. Іс-шара жалғасуда.