Құрылыс қалдығын заңсыз төккен елордалық жүргізуші анықталды
"Бетон араластырғышпен" қалдықты заңсыз төккен елордалық жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында полицейлер елорда әкімдігі өкілдерімен бірге құрылыс қалдықтарын кәдеге жарату ережелерінің сақталуын тексеру мақсатында құрылыс нысандарына рейд жүргізді.
Барлығы екі күн ішінде 40-тан астам құрылыс алаңы тексерілді. Әр нысанда профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, экологиялық нормаларды бұзған жағдайда туындайтын жауапкершілік туралы ескертілді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша ескертулер беріліп, әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Тексеру барысында бір нысанда автобетон араластырғыш жүргізушісінің бетон қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккені белгілі болды. Көлік коммуналдық тұраққа қойылып, құқық бұзушыға қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. Материалдар Экология департаментіне жолданды.
"Таза Қазақстан" акциясы басталғаннан бері елордада шамамен 57 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында 650-ден астам жүк және ассенизатор көлігінің жүргізушілері бар.
Елорда полициясы барлық құқық бұзушылық деректері анықталып, қатаң түрде тоқтатылатынын ескертеді. Сондай-ақ азаматтар мен бизнес өкілдерін белгіленген ережелерді бұлжытпай орындап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырады.