Атырауда нашақорлықтың алдын алу мақсатында жүгіруден түнгі марафон өтті
Атырауда нашақорлықтың алдын алу мақсатында түнгі марафон өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық жастар күніне арналған онкүндік аясында Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен облыстық Ішкі саясат басқармасы ерекше форматтағы "Tungi run" жүгіру марафонын ұйымдастырды.
Бұл спорттық шараға 18 бен 35 жас аралығындағы 250-ден астам қала тұрғыны қатысып, 3 және 5 шақырымдық қашықтықта бақтарын сынады. Марафонның негізгі мақсаты – спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына тосқауыл қою.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушылар алтын, күміс және қола медальдармен марапатталды. Бұдан бөлек, белсенділікті арттыру мақсатында арнайы номинациялар тағайындалып, "Ең көңілді қатысушы", "Ең жас қатысушы" және "Ең ерекше костюмдегі жүгіруші"естелік сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздарға есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының атынан бағалы сыйлықтар табысталды.
– Жастардың денсаулығы – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осындай жүгіру марафондары жасөспірімдерге өз мүмкіндіктерін шыңдауға, жеңіске деген құлшынысын арттыруға және спортқа қызығушылығын қалыптастыруға жол ашады. Сонымен қатар мұндай шаралар жастарды есірткіден алшақ ұстап, зиянды әдеттердің алдын алуға ықпал етеді. Басты міндетіміз – жас ұрпақтың бойында спортқа деген сүйіспеншілікті күшейтіп қана қоймай, оларды түрлі қауіп-қатерден қорғау, – деді Атырау қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Алмас Дәулетқалиев.