Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полиция мен тұрғындар бірлесіп тыныштықты сақтауға атсалысуда

Петропавлда учаскелік инспекторлардың тұрғындармен және пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) өкілдерімен кездесуінің бірыңғай күні өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Осындай шаралардың бірі Парковая көшесіндегі 21-үйдің ауласында ұйымдастырылды.

Бұған дейін облыс орталығында "Көршілер қадағалауы" бағдарламасы кеңінен жүзеге асқан болатын. Оның басты мақсаты – көршілер, полиция және жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы сенімді қарым-қатынасты нығайту. Қазір бұл формат заман талабына сай жаңартылып, әрбір көпқабатты үйде мессенджер-чаттар құрылды. Оған учаскелік инспекторлар, тұрғындар және ПИК өкілдері қосылған. Чатта тұрғындар күн сайын өз ұсыныстарын білдіріп, кейде шағымдарын қалдырады, ал полиция қызметкерлері заң аясында жедел әрекет етеді.

Парковая көшесі, 21 мекенжайында өткен кездесуде учаскелік инспекторлар интернет-алаяқтықтың алдын алу, ұрлықтың жолын кесу және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады. Тұрғындар полиция өкілдеріне ашықтық пен тікелей диалог орнатқаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Көршілер ынтымағын арттыруға да айрықша көңіл бөлінді. Полицейлер пайдалы ақпарат қамтылған жадынамалар таратып, байланыс деректерін ұсынды және тұрғындардың өтініштері мен сұрақтарын мұқият тыңдады. Осындай ашық әңгіме мен тәжірибе алмасу қауіпсіз әрі жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді.

Мұндай кездесулер Петропавлдың барлық әкімшілік аумақтарында ғана емес, облыстың ауылдық жерлерінде де тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл тәжірибе "Заң және тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ашықтықты, тұрғындармен кері байланысты және әрбір адамның мәселесіне назар аударуды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде, мемлекеттік органдарға деген сенім айтарлықтай нығайып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру