Қостанайда полицейлер тұрғындармен маңызды мәселелерді талқылады
Қостанайда полицейлер тұрғындармен маңызды мәселелерді талқылады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Таза, күтімді және жасыл желекті аула. Майлин, Амангелді, Урицкий және Победа көшелеріндегі бірнеше үйдің тұрғындары оны қарапайым тілмен “қорапша” деп атайды. Алайда осындай үлгілі ықшам ауданда да полиция мен жергілікті биліктің назарын қажет ететін өзекті мәселелер бар. Дәл осы аулада Қостанай қаласы Полиция басқармасының бастығы Болат Иманов тұрғындармен және мүлік иелері бірлестіктері өкілдерімен кездесті.
Басты тақырыптардың бірі – жол қауіпсіздігі. “Қостанай-Камқор” Қостанай облысы бойынша мүлік иелері бірлестіктері және жай серіктестіктер қауымдастығының төрайымы Альбина Мухамедьярованың айтуынша, бұл ауданның аулалары өтпелі болып келеді.
Көптеген жүргізуші негізгі көшелердегі бағдаршамдарда тұрмау үшін жолды қысқартып, көп жағдайда жоғары жылдамдықпен аулалар арқылы өтеді. Бұл, әсіресе, балалардың қауіпсіздігі тұрғысынан алаңдатады. Өйткені мұнда №8 мектеп орналасқан, ал аулада мектеп оқушылары мен бүлдіршіндер ойнайды. Тұрғындар көліктердің жылдамдығын мәжбүрлі түрде төмендету үшін жолға жасанды кедергілер орнатуды ұсынды.
Бүгінде аулада 10 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр, тұрғындардың айтуынша, бұл айтарлықтай нәтиже берді. Нашақорлық заттарын жасыру әрекеттері азайды, күдікті тұлғалар мен оқиғалар саны төмендеді.
— Жыл өткен сайын қауіпсіздік деңгейі артып келеді. Полиция басшылығы бізбен осылай ашық та шынайы жүздесіп отырғанына өте қуаныштымыз. Біздің өтініш-тілектеріміз ескерусіз қалмайды деп сенеміз, – деп бөлісті Белай отбасылық жұбы.
Қала полициясы басқармасының бастығы Болат Иманов тұрғындарға жаңа алаяқтық толқыны жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Ең көп тараған тәсілдердің бірі – коммуналдық қызмет атынан хабарласып, “су есептегішті ауыстыруды” ұсыну. Кейін “тұлғаны растау” сылтауымен SMS-кодты айтуын сұрайды. Нәтижесінде – банк шоттарына қол жеткізеді.
Жиналғандарға өзекті ақпарат пен кеңестер жазылған жадынамалар таратылды. Сондай-ақ кездесу барысында иттерді серуендету және тұмылдырық қолдану мәселесі талқыланды. Әсіресе таңертең және кешкісін аулаларда адамдар көп жүретіндіктен, ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Полиция үй жануарларын серуендету ережелерін сақтау қажеттігін еске салды.
Кездесу қорытындысы бойынша Болат Иманов айтылған мәселелердің әрқайсысы бойынша, яғни, жасанды жол кедергілерін орнатудан бастап, проблемалық сұрақтар бойынша учаскелік инспектордың жұмысын күшейтуге дейін жауапты қызметтерге тапсырма берді.
— Біздің мақсатымыз – тек әрекет ету емес, алдын алу. Ал полиция мен тұрғындардың арасындағы сенім – тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі элементі, – деп түйіндеді Қостанай қаласы полициясының бастығы.