Қызылорда облысында сотталғандарға тағылымдық шара ұйымдастырылды
Қызылорда облысында сотталғандарға тағылымдық шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысында "AQNIET" ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығы" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ҚАЖ департаментінің 37 мекемесінде жазасын өтеушілерге арналған тағылымдық шара ұйымдастырылды. Іс-шара аясында "Тағдыр мәселесі" тақырыбында дәріс оқылып, сотталғандармен еркін әңгіме өрбіді.
Дәрісті Талғат Демесбай жүргізді. Ол тағдырдың адам өміріндегі орны, дұрыс таңдау жасаудың маңызы, жауапкершілік пен қателіктен сабақ алу жайында терең ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ ол сотталғандардың жеке сұрақтарына жауап беріп, рухани әрі психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетті.
– Бүгінгі дәрістен көп ой түйдім. Адам өмірінде қателесу табиғи нәрсе, алайда ең бастысы – қателікті мойындап, түзелуге талпыну екенін түсіндім. Осындай кездесулер бізге үлкен ой салып қана қоймай, болашаққа деген сенімді де арттыра түседі, – деді жазасын өтеушілердің бірі.