Қостанай облысында жол апаттарының алдын алу үшін жаңа әдіс қолданылуда
Қостанай облысында жол апаттарының алдын алу үшін жаңа әдіс қолданылуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай өңірінде жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жаңа шаралар жүзеге асырылуда. Үш ай бұрын апат жиі тіркелетін жол учаскелерінде жолдың жүру бөлігін жасанды түрде тарылту әдісі енгізілген болатын.
Ішкі істер министрлігінің бастамасымен қолға алынған бұл тәсіл алғашқы оң нәтижесін берді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қостанай — Әулиекөл — Сұрған және Қостанай — Рудный — Денисов бағыттарындағы сынақ учаскелерінде жүргізушілер бұрынғыға қарағанда ұқыптырақ қозғалып, жылдамдықты төмендетіп, жол жағдайына мұқият қарай бастаған.
Әдістің ерекшелігі — уақытша қоршаулар арқылы жолдың енін көзге тарылтып көрсету. Мұндай визуалды шешім жүргізушілерге психологиялық әсер етіп, жылдамдықты бәсеңдетуге әрі рөлде барынша абай болуға итермелейді.
Мамандардың айтуынша, бұл тәжірибе көптеген шет мемлекеттерде кеңінен қолданылып, жол апаттарының алдын алуда тиімді құрал ретінде дәлелденген. Енді Қазақстан да осындай әдісті енгізе бастаған елдердің қатарында.
Полиция департаменті атап өткендей, бұл бастаманың мақсаты жүргізушілерді жазалау емес, ең алдымен, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үш айлық сынақ кезеңінен кейін әдіс тиімділігі дәлелденсе, оны облыстың өзге жолдарына да енгізу жоспарланып отыр.