Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция мен мектеп қызметкерлері оқушылардың қауіпсіздігін талқылады

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанайда полиция қызметкерлері, мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының қатысуымен ведомствоаралық профилактикалық кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның басты мақсаты – оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерді үйлестіру, сондай-ақ өзекті қауіп-қатерлердің алдын алу. Әсіресе, есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың, буллингтің және киберқылмыстың жолын кесу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесуде көтерілген өзекті тақырыптардың бірі – кәмелетке толмағандар арасындағы есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу болды. Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшесі Диана Тұякбаева бұл бағыттағы жұмыстың маңызын атап өтті:

- Жасөспірімдер арасында есірткі таратумен күресу – тек мектеп пен отбасының ғана емес, құқық қорғау органдарының да бірлескен іс-әрекетін қажет етеді. Бүгін біз педагогтарды ақпараттандырып қана қоймай, олармен бірге ортақ профилактикалық күш құрып отырмыз, – деді ол.

Бұл мәселені тәжірибелік тұрғыдан нарколог-дәрігер Гүлсім Бисембаева түсіндірді. Ол психоактивті заттарды қолданудың алғашқы белгілерін атап өтті:

- Мінез-құлқының өзгеруі, оқуға деген ынтаның төмендеуі, көңіл-күйдің тұрақсыздығы, ұқыпсыз сыртқы келбет – мұның бәрі алаңдатарлық белгілер. Мұндай жағдайда уақыт оздырмай мамандарға жүгіну қажет, – деп ескертті дәрігер.

Кездесуде қаралған тағы бір маңызды мәселе – оқушылар арасындағы буллинг пен агрессивті мінез-құлық, соның ішінде интернет кеңістігіндегі көріністері болды. Полиция өкілдері соңғы статистиканы ұсынып, балалар жиі тап болатын кибералаяқтықтың негізгі тәсілдері мен олардан қорғану жолдарын түсіндірді.

Педагогтарға сенім телефондарының нөмірлері, көмекке жүгіну тәртібі және мәселе туындаған жағдайда іс-қимыл алгоритмі көрсетілген ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, полиция мен серіктес ұйымдар бірлесе әзірлеген, жасөспірімдердің құқықтық санасын арттыруға әрі сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған бейнероликтер көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта тұрақты түрде өткізілетін болады. Қыркүйек айында сынып жетекшілері, әлеуметтік педагогтар және ата-аналар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен осындай шаралар жалғасын табады.

- Балалардың қауіпсіздігі – бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз. Тек бірлесе әрекет еткенде ғана шынайы қауіпсіз мектеп ортасын қалыптастыра аламыз, – деп түйіндеді ұйымдастырушылар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру