Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция бейнебақылау арқылы қоғамдық орындардағы бұзушылықтарды анықтады

Таза Қазақстан: "Мүлдем төзбеушілік" қағидатын бұзғандар жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысының полиция қызметкерлері қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілік" қағидатын қамтамасыз ету мақсатында қосымша шаралар қабылдады. "Заң және тәртіп" қағидаты – ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы қызметінің негізгі тірегі болып қала береді.

Жедел басқару орталығының операторлары тәулік бойы адамдар көп жиналатын жерлердегі, тұрғын үйлердің аулаларындағы және сирек баратын аллеялардағы бейнебақылау камераларын қадағалап отырады.

– Мәселен, Павлодар қаласында Малайсары батыр мен Ресей көшелерінің қиылысында орнатылған камера рұқсат етілмеген жерде темекі шегіп, темекі тұқылын жерге тастаған азаматты анықтады. Тағы бір жағдайда бейнебақылау жүйесі тротуарға темекі тұқылын лақтырған құқық бұзушыны тіркеді. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері тәртіп бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.

Жыл басынан бері аймақ полицейлері ұсақ бұзақылық пен қоғамдық орындарды ластау деректері бойынша екі мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолын кесті.

Полицияның назарында барлық заңсыз әрекеттер бар, оның ішінде кейбір тұрғындар елемей жүрген "ұсақ" тәртіп бұзушылықтар да бар. Қоқыс тастау немесе темекі тұқылын лақтыру сынды әрекеттер назарсыз қалады деп ойлайтын азаматтар бейнебақылау жүйесінің көмегімен жауапқа тартылуда.

"Заң және тәртіп" қағидатын ұстанып, "Таза Қазақстан" бастамасын қолдай отырып, әрбір азамат заңға бағынатын, жауапты ұрпақ тәрбиелеуге және қоғамдағы тәртіп пен тазалықты сақтауға үлес қоса алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру