Алматыда полиция таулы аймақтарда рейд жүргізді
Мемлекет Басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық науқаны аясында Алматыда орман және дала өрттерінің алдын алу жұмыстары жалғасуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өрт қауіпті кезеңде Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері ТЖД, мемлекеттік ұлттық табиғи парк және экологиялық қызмет өкілдерімен бірлесіп, таулы-орманды аумақтарда рейдтік іс-шаралар өткізуде. Ерекше назар азаматтардың жаппай демалатын орындарына аударылуда.
Мұндай рейдтер апта сайын, демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тұрақты түрде өткізіледі. Орман қорына жақын аумақтар тексеріліп, демалушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Басты мақсат – өрттердің алдын алу және азаматтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.
— Табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Сөндірілмеген бір сіріңке немесе қалдырылған от үлкен апатқа себеп болуы мүмкін екенін түсіну маңызды. Алматы тұрғындары мен қонақтарын таулы аумақтарға барғанда жауапкершілік пен мәдениеттілік танытуға шақырамыз. Табиғи аймақтарымыздың сұлулығы мен қауіпсіздігін тек бірлескен күшпен ғана сақтай аламыз, – деді, Алматы қаласы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.