Үздік ювеналды полиция инспекторы – Ботагөз Дюсенғалиева
Бала құқығын қорғауды өмірлік мақсат еткен полиция аға лейтенанты Ботагөз Дюсенғалиева – жасөспірімдердің қауіпсіздігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген үздік инспектор. Оның әр күні балалардың сеніміне кіріп, олардың жарқын болашағын қалыптастыруға арналған жауапты қызметпен басталады, - дейді Polisia.kz.
Жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік пен темірдей ерік-жігерді талап ететін міндет. Осы жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген жанның бірі – полиция аға лейтенанты Ботагөз Дюсенғалиева. Бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған ол бүгінде сол арманын жүзеге асырып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды өмірлік ұстанымына айналдырған.
Атырау қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы қызметінде жүрген Ботагөздің әр күні үлкен жауапкершілікке толы істермен басталады. Жазғы демалыс кезеңінде де ол жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөледі. Қоғамдық орындарда балалардың тәртіп сақтауын қадағалап, ата-аналармен және тұрғындармен кездесулер өткізеді. Кейбір жасөспірімдердің ішкі жан дүниесін түсіну оңай емес: біреуі өз мәселесін ашық айта алмай тұйық мінез танытса, енді бірінің отбасындағы қарым-қатынасы күрделі болуы мүмкін. Осындай сәттерде Ботагөз балаларға қолдау көрсетіп, қажет жағдайда психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерді тартады. Ол үшін ең бастысы – баланың сеніміне кіру, оның жан дүниесін түсіну.
Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу да инспектордың негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта ол түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырады. Қажет болғанда ата-аналармен жеке әңгімелесіп, баланың мінезі мен тәрбиесіне қатысты кеңес береді. Бала тәрбиесінде отбасының маңызы зор екенін жақсы түсінетін Ботагөз әр істің оң шешімін табуға ұмтылады.
Кешкі және түнгі рейдтер кезінде инспектор беймезгіл уақытта көшеде жүрген балаларды анықтап, олардың қауіпсіздігін қадағалайды. Ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірім болса, жағдайын тексеріп, тиісті шара қолданады. Оның мақсаты – тек заң бұзушылықтың алдын алу ғана емес, әр баланың болашағының қауіпсіздігіне кепіл болу.
Кәсіби біліктілігі мен қажырлы еңбегінің арқасында Ботагөз Дюсенғалиева 2024 жылы ҚР Ішкі істер министрлігінің "Сақшы аруы – 2024" байқауында жеңімпаз атанды. Дегенмен ол үшін ең үлкен жетістік – марапат емес, балаларға деген шынайы қамқорлығы мен қолдауы.
– Мен балалардың қауіпсіз қоғамда өмір сүргенін қалаймын. Ол үшін оларды қорғап, құқықтық сауаттылығын арттыру қажет. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы олардың болашағына жақсы өзгеріс енгізуге болады. Бұл – менің басты міндетім, – дейді полиция аға лейтенанты Ботагөз Дюсенғалиева.
Бала құқығын бәрінен жоғары қоятын жанкешті инспектор әр күнін жасөспірімдердің жарқын болашағы мен қауіпсіздігіне арнап келеді.