Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарлық учаскелік инспектор республикалық байқауда үздік атанды

Павлодарлық учаскелік инспектор республикалық байқауда үздік атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тараз қаласында учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлардың Республикалық слеті өтті. Іс-шараның басты мақсаты – учаскелік полиция қызметкерлерінің кәсіби білімін, шеберлігі мен дағдыларын жетілдіру, қызмет тиімділігін арттыру.

Слет Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жариялаған "Алдын алу жылы: полиция – заң мен тәртіп сақшысы" бастамасы аясында ұйымдастырылды. Үш күндік бағдарламаға заңнаманы білу деңгейін тексеру, атыс және дене шынықтыру бойынша жарыстар кірді.

Байқауда Павлодар облысының атынан "Үздік учаскелік" конкурсының жеңімпаздары Қуаныш Жаябаев пен Дана Аязбаева қатысып, өңір намысын қорғады. Нәтижесінде Тереңкөл аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Қуаныш Жаябаев үшінші орын иеленді.

Қуаныш Жаябаев ішкі істер органдарында 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Ол сеніп тапсырылған аумақты жақсы біледі, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, әрқашан мейірімді қарым-қатынас танытып, уақытылы көмек көрсетеді.

Полиция майоры үшін халықтың сенімі мен құрметі – басты кәсіби жетістік. Оның пікірінше, полицияның имиджі мен беделі қызметкердің кәсіби шеберлігіне, моральдық және іскерлік қасиеттеріне, сондай-ақ сыпайы қарым-қатынасына тікелей байланысты.

Қуаныш Жаябаев ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың қолынан Құрмет грамотасын иеленді.

– Учаскелік инспектор – құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алудағы негізгі буын. Біз жан-жақты маман болып, кез келген жағдайда шешім қабылдай білуіміз керек. Бұл марапат – менің ғана емес, бүкіл облыс полициясының еңбегіне берілген жоғары баға. Алдағы уақытта да аудан тұрғындарына барынша көмек көрсетіп, кәсіби кеңес беруге дайынмын, – дейді Қуаныш Жаябаев.

Сондай-ақ Шарбақты аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының аға инспекторы Дана Аязбаева Ішкі істер министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Ведомство өкілдері атап өткендей, мұндай республикалық кездесулер тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін көтеріп, үздік тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру