Павлодар облысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған акция өтіп жатыр
Павлодар ауданында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған акция өтіп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар ауданы полиция бөлімі "Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы" республикалық акциясы аясында ауқымды іс-шара ұйымдастыруда. Оның басты мақсаты – жол-көлік оқиғаларының, әсіресе балалардың қатысуымен болатын қайғылы жағдайлардың алдын алу.
Осыған байланысты аудан мектептерінде "Сіздің жолаушыңыз – бала" атты арнайы акция өтіп жатыр. Бұл шара барысында тәртіп сақшылары ата-аналармен және мектеп автобустарының жүргізушілерімен кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Полицейлер балаларды тасымалдауда қауіпсіздік белдіктерін міндетті түрде тағудың, арнайы ұстағыш құрылғыларды пайдаланудың маңыздылығын түсіндіріп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Негізгі мақсат – балалардың өмірі мен денсаулығына немқұрайлы қарамау, қауіптің алдын алу.
— Біз барлық жүргізушілерді, әсіресе ата-аналарды жол қозғалысы және балаларды тасымалдау ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Өкінішке қарай, ересектердің салғырттығынан балалар жиі зардап шегеді. Біз жазатайым оқиғалардың, әсіресе жазықсыз балалар зардап шегетін жағдайлардың санын барынша азайтқымыз келеді, — деді Павлодар ауданы әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Бауыржан Макашев.