Атырауда есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазулар жойылды
Атырауда есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазулар жойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "Тәуелсіз өмір" жастар қозғалысымен бірлесіп, қала аумағында есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттарға сілтемелер жазылған тыйым салынған граффити жазуларды жою бойынша кезекті рейдтік іс-шара өткізді. Акцияның негізгі мақсаты – есірткі мен психотроптық заттардың насихатталуына жол бермеу, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу.
Айта кетейік, жыл басынан бері осындай бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде есірткіге қатысты заңсыз жарнамасы бар 70-тен астам граффити өшірілген. Мамандардың айтуынша, мұндай жазулар қоғамға зор қауіп төндіреді, себебі олар жастар мен жасөспірімдерді теріс жолға итермелеуі мүмкін. Осыған байланысты құқық қорғау органдары мен тиісті мемлекеттік мекемелер аталған бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, есірткі қылмысының алдын алуға баса назар аударып отыр.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды есірткі заттарының заңсыз жарнамасына қатысты кез келген күмәнді деректерді жасырмай хабарлауға шақырады. Егер қала аумағында осындай мазмұндағы жазуларды байқасаңыздар, дереу "102" нөміріне немесе есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 98-21-55 және облыс әкімдігінің білім басқармасының 27-03-92 сенім телефондарына хабарласуға болады.