Алматыда полиция электрлі самокаттарды пайдалану ережелерін түсіндірді
Алматыда полиция электрлі самокаттарды пайдаланудағы құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Профилактика жылы аясында жеке мобильдік құралдарды пайдалану кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Электрлі самокаттар көліктің үйреншікті түріне айналып келеді, алайда олардың қатысуымен болатын апаттар мен құқық бұзушылықтардың тәуекелі әлі де сақталып отыр.
- Қалада төрт шэрингтік қызмет операторы жұмыс істейді. Полицияның бастамасымен олармен бірқатар жұмыс кездесулері өткізілді, жол қозғалысын қамтамасыз ету субъектілері ретінде олардың міндеттері түсіндірілді. Полицияның ұсынысы бойынша компаниялар самокаттарға жылдамдық шектегіштер орнатып, бақылау жүйесін енгізді. Сонымен қатар операторлар құқық бұзушыларға қатысты белсенді шаралар қолдануда: аккаунттарды бұғаттау, қызметке қолжетімділікті шектеу, – деді, Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың басым бөлігі жеке самокат иелеріне тиесілі, олар жоғары жылдамдықпен қозғалып, жол ережелерін елемейді. Жыл басынан бері 10 мыңнан астам азамат жол жүру ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
- Алматы полициясы рейдтік іс-шаралар өткізуде, ал самокаттар жиі жүретін орындарда мобильді топтар жұмыс істейді. Ерекше назар балалардың басқаруына жол бермеуге бағытталған: ереже бұзылған жағдайда олардың ата-аналары да жауапқа тартылады. Жол қауіпсіздігі – бұл мемлекет, бизнес және тұрғындардың ортақ жауапкершілігі. Алдын алу жылында біз еліміздің Президенті ұсынған "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асырып келеміз. Электрлі самокат – бұл көлік құралы, сондықтан әрбір пайдаланушы жол қозғалысы ережелерін сақтау мен өзгелерге құрмет көрсету қауіпсіздіктің басты кепілі екенін түсінуі қажет, – деді, Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.
1 маусымнан бастап Алматы қаласында микромобильділіктің Бірыңғай операторы жұмыс істейді.
Ол компаниялармен және полициямен бірлесе отырып, цифрлық геоаймақтар, оқыту науқандары және бақылаудың жаңа шараларын енгізуде. 25 тамыздан бастап бір шэрингтік сервис самокаттарды бұзушылықтарды тіркеуді жеңілдету үшін үлкейтілген нөмірлермен жабдықтауды бастады.