Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда полиция тасымалдаушылардан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті

Алматыда полиция жаңа оқу жылы қарсаңында тасымалдаушылардан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полиция департаментінде автобус парктері, таксопарктер және такси агрегаторлары басшыларының қатысуымен жиын өтті.  Кездесудің басты тақырыбы – жаңа оқу жылы қарсаңындағы балалардың жолдағы қауіпсіздігі болды.

Полицияның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Қазақстанда жол-көлік оқиғаларынан 7 мың 508 бала әртүрлі дене жарақатын алған. Алматы қаласында 1202 кәмелетке толмағандардың жарақат алуы тіркелген.

— Статистика үшін бұл – сандар, ал отбасылар үшін – қайғы мен сынған тағдырлар. Алматыда мыңнан астам балалар физикалық және психологиялық жарақаттар алған, сондықтан баламен болған әрбір жол-көлік оқиғасы орны толмас қайғы, – деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Кұлбаев.

Полиция тасымалдаушыларға қысқа мерзім ішінде көліктердің техникалық жарамдылығын толық тексеруді, әсіресе тежегіш жүйесіне, жарық шамдарына, қауіпсіздік белдіктеріне және балаларға арналған ұстап тұратын құрылғылардың болуына ерекше назар аударуды міндеттеді. 1 қыркүйектен бастап жалпы білім беру мектептерінің маңында рейдтік іс-шаралар басталады. Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда әкімшілік шаралар қабылданатын болады.

Жиынның бір бөлігі такси агрегаторларының қызметіне арналды. Асхат Құлбаевтың айтуынша, компания кейбір маңызды функцияларды орындамай, жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруде.

— Бүгінгі таңда Indrive өз жүргізушілері мен көліктерін бақыламайды, қауіпсіз емес көліктердің қолданылуына жол береді және жолаушыларды қорғаудың қарапайым тетіктеріне ие емес. Сіздерде жедел байланыс желісі, шұғыл көмек батырмасы, бағытты қадағалау жүйесі жоқ. Бұл – жол беруге болмайтын жағдай. Біз сіздерден сылтау емес, нақты шешім күтеміз. Егер өзгерістер болмаса, заңнама деңгейінде шаралар қабылданады. Біз нақты түсініктеме мен анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі нақты жоспарды күтеміз, – деді Асхат Құлбаев.

Жиын қорытындысы бойынша барлық тасымалдаушылар мен агрегаторларға 1 қыркүйекке дейін қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қабылданған шаралар туралы жазбаша есеп тапсыру талабы қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру