Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда: Қостанайда полиция мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалады
Қостанайда полиция мектептердегі тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім күні – әрбір оқушы үшін ерекше мереке. Бұл – жаңа білімге бастайтын, жаңа достықтар мен үміт сыйлайтын күн. Осы мерекенің тыныш әрі қауіпсіз өтуі үшін полицейлер өңірдегі барлық мектептерді ерекше бақылауға алды. Үш күндік күшейтілген қызмет барысында 1,5 мыңнан астам полиция қызметкері 446 оқу орнының маңында қоғамдық тәртіпті қадағалады.
Таңертеңнен бастап әр мектеп маңында патрульдік жасақтар кезекшілікке шықты. Негізгі назар жол қауіпсіздігіне аударылды: тәртіп сақшылары оқушылар мен ата-аналарға жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, профилактикалық әңгімелер жүргізді.
Балаларға жолда жүру мәдениетін қалыптастыруға арналған жадынамалар, жарық шағылыстырғыш фликерлер, түрлі сыйлықтар мен шарлар таратылды. Көптеген оқушы полицейлермен суретке түсіп, патрульдік көліктерді көріп, қызметтік иттермен танысуға мүмкіндік алды.
Өңірдегі оқу орындары бейнебақылау және қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталған:
-
6,5 мыңнан астам камерадан түсетін бейнежазба жедел басқару орталығына жіберіледі;
-
барлық мектептерде дабыл түймелері орнатылған, олардың сигналы дереу күзет қызметіне түседі;
-
әр білім ордасына жауапты полиция қызметкері бекітілген.
Бұл шаралар төтенше жағдайлардың алдын алуға және оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіздігін жоғары деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Салтанатты жиындардан кейін қалалық, аудандық және дербес полиция бөлімдерінің бастықтары жасөспірімдермен кездесіп, құқықтық сауаттылық дәрістерін өткізді. Мақсат – балаларды қорғау, ескерту және заң бұзушылықтың салдарын түсіндіру.
Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин №19 мектептің бірінші сынып оқушыларын арнайы құттықтап, бояғыш кітапшалар мен сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды:
-
жолды тек жасыл шам жанғанда және жаяу жүргіншілер өткелінен өту;
-
жолға жүгіріп шықпау;
-
жол бойында ойнамау;
-
бейтаныс адамдармен сөйлеспеу.
Жоғары сынып оқушыларына заң бұзушылық үшін жауапкершілік, интернет қауіптері және мінез-құлықтың болашақ мансапқа ықпалы туралы маңызды тақырыптар айтылды.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандар 24 қылмыс жасап, 80 жасөспірім қылмыстың құрбаны болған.
– Кез келген заң бұзушылық ауыр салдарға әкеледі. Бір ғана қателік абыройға нұқсан келтіріп, армандаған мансап жолын жабуы мүмкін, – деді Ерлан Файзуллин.
Полиция жасөспірімдерді интернеттегі қауіптерге де ерекше назар аударуға шақырды. Жақында 17–20 жастағы үш жас жігіт Telegram арқылы алаяқтарға WhatsApp-аккаунттарына кіруге мүмкіндік беріп, өздері қылмыстық іске тартылған. Нәтижесінде 30-дан астам азамат зардап шеккен.
Сонымен қатар "дроппер" деп аталатын алаяқтық тәсілдер түсіндірілді: мұнда қылмыскерлер ұрланған ақшаны қолма-қол жасау үшін азаматтардың жеке деректерін пайдаланып банк карталарын рәсімдейді. Мұндай әрекетке келісудің өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
Кездесулер барысында буллинг пен зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, нашақорлық пен құмар ойындардың алдын алу, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығын қорғау тақырыптары қозғалды.
– Сендер – Қазақстанның болашағысыңдар. Күшті, білімді ұрпақсыздар. Бірақ сендермен бірге заң мен жауапкершілік жүруі тиіс. «Заң мен тәртіп» қағидасы ұран ғана емес, өмірлік бағдар болсын, – деп атап өтті Ерлан Файзуллин.
Жаңа оқу жылының басталуы – мереке ғана емес, балалардың күн сайынғы қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін еске салатын күн. Полиция қызметкерлері әр баланың мектепте де, жолда да, интернет кеңістігінде де қауіпсіз сезінуі үшін бар мүмкіндікті жасап келеді.