"Учаске" ЖПІШ: ШҚО-да полицейлер 3,5 мыңға жуық есептегі тұлғаны тексерді
ШҚО-да полицейлер "Учаске" ЖПІШ аясында 3,5 мыңға жуық есептегі тұлғаны тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірде республикалық "Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Алғашқы нәтижелер жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін көрсетуде.
Тоғыз күн ішінде полицейлер 40 мыңнан астам тұрғын үй секторын аралап, 38 жалдамалы пәтерді анықтап, мыңнан астам азаматтық қару иелерін тексерді. 17 азаматтың қаруды сақтау және тіркеу ережелерін бұзғаны белгілі болып, олардың барлығы жауапкершілікке тартылды, ал бір тіркелмеген қару айналымнан алынды.
- Іс-шараның басты бағыты – профилактикалық есепте тұрған адамдармен жұмыс. Шамамен 3 500 есептегі тұлға тексерілді. Олардың арасында бұрын сотталғандар, алкогольді шамадан тыс пайдаланатындар және тұрмыстық жанжалға бейім азаматтар бар. Мұндай тексерулер белгіленген шектеулердің сақталуын бақылауға және ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ШҚО ПД ЖПҚБ бастығының уақытша міндетін атқарушы Орал Рыспаев.
Полиция жұмысының маңызды бөлігі кәмелетке толмағандарды қорғауға бағытталған. Рейд барысында 50 жасөспірім ұсталды, олардың үшеуі ойын-сауық орындарында ересектерсіз жүрген, сегізі алкогольді ішімдік ішкен немесе қоғамдық орындарда масаң күйде болған.
Жалпы, іс-шараның тоғыз күнінің қорытындысы бойынша 1 200-ден астам құқық бұзушылық анықталды. Бұл жүйелі профилактикалық жұмыстың өзектілігін және қажеттілігін дәлелдейді.
"Учаске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. ШҚО ПД азаматтарды учаскелік инспекторлармен белсенді ынтымақтасуға шақырады, себебі тек бірлескен күш-жігер арқылы ғана әрбір аулада және әр үйде тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады.