Шымкентте нашақорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар талқыланды
Шымкентте босатылып шыққандарды нашақорлықтың алдын алуға қатысты іс-шараларға ерікті ретінде тарту жұмыстары басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды есірткіге қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту – қоғамға қайта бейімделудің тиімді тетіктерінің бірі. Бұл тәсіл олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қылмыстың және қайтадан есірткіге тәуелділіктің алдын алуға да ықпал етеді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы ІІМ басшылығының тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласының полиция департаменті мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бірлесіп, бұл бағытта ұйымдастырушылық шаралар қабылдап, жақында ғана жазасын өтеп шыққандар мен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тақырыптық шаралар Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №69 және №54 мекемелерде өткізілді.
Кездесу ҚАЖ мекемелерінде ұсталып отырған сотталғандар арасында есірткі қылмыстарына теріс көзқарас қалыптастыру және қайталама қылмыстарға жол бермеуге бағытталды. Ерікті ретінде тартуға арналған бірлескен іс-шаралар түрмеден босатылған тұлғалардың өзін қоғамға пайдалы сезінуіне мүмкіндік береді, жаңа ортада сенім мен жауапкершілік орнатып, қайта қылмыс жасау тәуекелін азайтады.